Тартылып бара ма? Қазақстандық Іле өзенін әуеден көрсетті

Қазақстандық саяхатшы Іле өзенінің таязданып кеткенін видеоға түсіріп алды. Жағдайдың себебін анықтап, су деңгейінің қазіргі жағдайын білу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінен ресми пікір алдық, — деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Алматылық саяхатшы Анатолий Instagram-парақшасында видео жариялады.

«Міне, Іле өзені қазір осындай. Егер біреу суда бірдеңе жоғалтса, қазір барып іздеуге ыңғайлы уақыты. Су мөлдір, түбі жақсы көрінеді», –

деп жазды ол жазбада.

Басылым өкілі автормен сөйлескен. Түсірілім 7 қыркүйекте Іле өзенінде, Тамғалы-тастан төмен қарай шамамен жеті шақырым жерде жасалған. Анатолийдің айтуынша, ол бұл жерлерге үнемі келеді, маусым сайын 4–5 реттен. Саяхатшының пікірінше, биыл өзен қатты таязданып кеткен.

«Жалпы, бұл жағалаудан жақсы байқалады: бұрын су болған арна анық көрінеді. Қазір деңгейі соншалықты төмен, кей жерлерде өзеннің үстімен жаяу жүруге болады», –

депті видео авторы.

Министрлік жауабы

Ведомство Іле трансшекаралық өзені Қытай аумағынан бастау алатынын еске салды.

«Ол Текес пен Күнгес өзендерінің қосылуынан түзіледі, су жинау алабының 80 пайызы Қытай аумағында, ал Қазақстан аумағында тек 20–30 пайызы ғана қалыптасады. Өзен ағысы Қапшағай су қоймасымен реттеледі», –

деп хабарлады министрлік.

Министрлік мәліметінше, Қапшағай су қоймасы жыл сайын күзгі және көктемгі кезеңдерде су жинау режимінде жұмыс істейді. Ол Іле өзені атырауы мен Балқаш көлінің экологиялық жағдайын сақтауға, балық шаруашылығын, Қонаевты шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз етуге, Шеңгелді, Ақдала массивтерін суландыруға, электр энергиясын өндіруге пайдаланылады.

«Жыл сайын күзгі кезеңде Қапшағай су қоймасы жинақтау режиміне ауыстырылады, ал бұл уақытта Іле өзені ағысының азаюы жоспарлы, жұмыс режимімен белгіленген», –

деп түсіндірді ведомство.

Министрлік мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық аясында Қапшағай су қоймасы жинақтау режиміне ауыстырылып, су жіберу көлемі секундына 250 текше метрге дейін азайтылған.

Тарату: