Жұмыс уақытының ауысуы Астанадағы кептелісті азайтты ма?

Жұмыс уақытының ауысуы Астанадағы кептелісті азайтты ма?

Осы аптадан Астана қаласындағы 25 мыңға жуық қызметкердің жұмыс уақыты 9:00-ден 7:30-8:00 аралығына ауысты. Бұл өзгеріс таңғы және кешкі уақытта негізгі магистральдардағы көлік кептелесін азайтуға бағытталған. Әкімдіктің бұл шешіміне қатысты урбанист маманның пікірі қандай және қалада көлік кептелісі азайды ма? BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.

15 қыркүйектен бастап Астана қаласында коммуналдық қызметкерлер, Астана қаласының әкімдігінің жұмыс уақыты өзгерді, сағат 7:30-дан басталатын болды. “Астана су арнасы”, “Астана Тазалық”, “Астана–Теплотранзит” сияқты мекемелердің уақыты ауысты. 7:30-8:00 аралығында орталық мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектордың жұмыс уақыты ауысты. Жалпы айтқанда 25 мыңға жуық қызметкердің жұмыс уақыты ауысты. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр, —

деп хабарлады Астана қаласының әкімдігі.

Әкімдік бұл шешімнің көлік кептелісіне қаншалықты әсер еткенін айту үшін уақыт керегін мәлімдеді. Астана қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығарумен айналысатын компаниялардың бірінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін Бағлан Куронов та қала жолдарындағы көлік ағынының өзгерісін бағалау әзірге қиын екенін жеткізді.

Біз таңғы 6-да жұмысқа шығып кетеміз, күнде бір маршрутпен жүреміз. Көлік кептелісі азайды деп айта алмаймын, әзірге өзгеріс байқалмайды. 15-і мүлде сезілмеді, 16-сы сезілгендей болды, бірақ 17-сінде қайтадан көлік көбейіп кетті. Ал соңғы 2 күнде Мәңгілік ел даңғылында оң жағалаудан сол жағалауға көлік азайғанын, ал сол жағалаудан оң жағалауға көлік көбейгенін байқадым. Бұрын керісінше болатын. Бірақ ол Астанада өткен Діндер съезіне байланысты болуы мүмкін, —

деді ол.

Урбанист Елзат Мұқаш кейбір мекеме қызметкерлерінің жұмыс уақытының өзгеруі үлкен қалалардағы көлік кептелісінің азаюына қатты әсер етпейді деп санайды. Ол шетелдік тәжірибе бойынша жол тығынын айтарлықтай азайтатын бір-ақ шешім барын айтады.

Бір-ақ шешім бар. Ол қоғамдық көлікті көбейту және оған жағдай жасау. Мысалы, Астана болсын, Алматы болсын бастамасын жасайды да, соңына дейін бітірмейді. Яғни бір көшеде қоғамдық көлікке арнайы жолақ жасалған болса, бір жерде үзіліп қала салады. Бәрібір көлік кептелісі болады, —

деді маман.

Ол дамыған елдерде жеңіл көліктерге көлік тұрақтарын қымбаттату сияқты көп кедергілер жасалатынын атады. Ал Қазақстанда дөңгелегінің желі шыққан көлікті жол бойына айлап тастап кетуге болатынын айтты.

Бізде жеңіл көліктерге жағдай жасалған сайын кептеліс көбейе береді. Мен өзім көлікпен жүретін адам болсам да, қоғамдық көлікке көбірек көңіл бөліп, жеңіл көлікке қолдан кедергілер жасалса, қарсы емеспін. Автобуста жайлы жағдайлар болып, ол кептеліссіз тез жететін болса, мен көлігімді тастап, қоғамдық көлікке ауысар едім. Көп адам солай жасар еді. Ол экологияға да әсер етеді, кептеліс те болмайды, —

деді урбанист.

Сондай-ақ Елзат Мұқаш кептеліс туралы айтқанда самокатпен “күресті” орынсыз санайды.

Самокатпен күресіп жатыр. Негізінде самокат қоғамға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Бірақ оған да жағдай жасалмаған, арнайы жолдары жоқ. Мысалы, қазір мыңдаған адам самокатпен жүр. Егер оны алдырып тастайтын болса, сол адамдар такси шақырады. Сол кезде кептелістің көкесі болады, —

деді маман.

Еске салсақ, Астанада бірнеше мемлекеттік және жартылай мемлекеттік ұйымдар 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесіне көшті.

IMAGE: ©baq.kz

Тарату: